Ембі қаласындағы алғашқы музей 1983 жылы 15 ақпанда Халық депутаттарының аудандық советі атқару комитетінің Шешімімен «Мемориальный музей Ахмета Жубанова» деп ашылған.


Музейдің ашылуына үлесін қосып, мұрындық болған Мұғалжар аудандық партия комитетінің 1-ші хатшысы Қуандық Әлішев. Есет батыр көшесіндегі 17-ші үйде орналасқан екі қабатты кәсіптік техникалық училищенің жатахана жанының бірінші қабатынан ашылған. Экспозиция жұмыстарын Алматы қаласынан көркем сурет училищесін тәмамдаған Ақырап Жұбановтың шәкірті Есет Исмайлов, Бақытжан Қожабергенов, (Әли Құлмұратов, Б.Бертілеуов), Бауыржан Әбіловтер жасақтау жұмыстарын жүргізген. Музейдің ашылу салтанатына аудандық атқарукомитетінің председателі Г.Ананьев, Қуандық Әлішев, Алматы мемлекеттік консерваториясының доценті Тмат Мерғалиев, Алма Темирбековалар келіп мұражайдың ашылу салтанатына қатысқан. Музейдің алғашқы директоры қызметін Р.Х.Батырова атқарған. 1983 жылдың қыркүйегінде Ақтөбе қаласында өткен Қазақстан композиторларының «Музыкалық фестиваль» күндеріне Ғазиза Жұбанова бастаған өнер қайраткерлері Ермек Серкебаев, Сыдық Мұхамеджанов, Мансұр Сагатов, Мурат Мусабаев, Р.Садыкова, Р.Жубатирова, Г.Коженко, А.Мухамбетовалар музейге ат басын тіреген.

1999 жылы ғалым Құдайберген Жұбановтың 100-мерекесіне орай музейдің атауы «Мұғалжар ауданы ағайынды Жұбановтардың мемориалдық мұражайы» деп өзгертілген. 2006 жылы академик Ахмет Қуанұлы Жұбановтың 100 жылдық мерекесіне қарсаңында жаңа бір қатарлы, мансард пішінде ғимарат бой көтеріп, 2009 жылдың сәуір айында қолданысқа берілді. Жаңа музейге облыстық тарихи өлкетану музейінің жетекшісі Рысжан Досова және қор сақтаушы Зина Мақашова тақырыптық-экспозициялық жұмыстарын жасап, методикалық көмек көрсетсе, безендіру жұмыстарын суретшілер одағының мүшесі М.Габдрахманов жүргізді.


Музейдің ашылу салтанатына ғалым Құдайберген Жұбановтың немересі филология ғылымының кандидаты Ардақ Есетқызы, Құдайберген Жұбанов университетінің тіл мамандары М.О.Миров, Ә.Ұлықпанова, облыстық тарихи өлкетану музейінің директоры Е.Ж.Құрманбеков, Мұғалжар ауданы әкімі С.Т.Шаңғұтов, Жұбановтардың туыстары мен көзін көрген қариялар, мәдениет қызметкерлері, қала және Орқаш елді мекенінің тұрғындары қатысты.
2009 жылдың желтоқсанын айында Қызғалдақ Құдайбергенқызы және Ардақ Есетқызы келіп халықпен кездесті. Қызғалдақ Құдайбергенқызы «Әкем жарық жұлдызым» өз қаламынан туған еңбегін және 1936 жылы латын әрпінде жазылған Қ.Жұбановтың «Қазақ тілінің грамматикасы», Ақырап Құдайбергенұлы жайлы «Өнертанудың атасы» кітаптарын музейге сыйға берді.

2013 жылыдың наурыз айында ғалым Құдайберген Жұбановтың кенже баласы филология ғылымының докторы, профессор Асқар Жұбанов, Өзбекстанның филология ғылымдарының докторы Маханбет Жүсіпов, Башқұрстанның лингвистика және ақпараттану технологиялар лабораториясының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Зейннур Сиразитдинов, Алматы қаласының филология ғылымдарының докторы профессор Бақытжан Хасанов, Жұбанов университетінің суретшісі Е.Исмайлов және филология ғылымдарының кандидаттары Нұрбол Сәдуақасов, Мұхтар Миров және де Құдайберген Жұбановтың немересі Ардақ Есетқызы музейде болып, лебіздерін білдірді.

Танымдылық бағытта өткізілген жұмыстар мен ғылыммен өнердің өркендеуіне үлесін қосқан тұлғаладың өмірімен шығармашылығын Ақтөбе, Ана тілі, Мұғалжар газеттерімен Мәдениет, Үш таған журналдарын мақалалар жарияланып отырады.
Музей ғимаратының жалпы ауданы 2914 ш.м, аумағы 344,3 ш.м, экспозиция аумағы 215,1 ш.м. Казіргі таңда болашақ ұрпақты адамгершілік қасиеттерге, өз елінің тарихын білуге, елжандылыққа тәрбиелеуде 4 зал, бір бұрыш тұрақты жұмыс жасайды.
- «Ақжарым алтын бесігім» залы
- «Қайталанбас тұлға» залы
- «Ғасырлар пернесін шерткен» залы
- «Ұрпақ сабақтастығы» залы
- «Тарих және табиғат» бұрышы
«Ақжарым алтын бесігім» залы ағайынды Жұбановтардың туған өлкесінің тарихы мен ата-бабасының шежіресінен сыр шертіледі. Ағайындылардың анасы Бибішынар Тағыбергенқызының таспиғы, білезігі, Жұбановтардың тұрған үйінің орнынан табылған ат әбзілінің шығыршығы және адамзат тарихымен бірге жасасқан ағаш үй, ұсталық, аңшылық құралдар, зергерлік бұйымдар мен тоқыма өнерімен тоқылып өрнектелген киіз үй дүниелерінің тарихы баяндалады.
«Қайталанбас тұлға» залында қазақ тіл білімінің алғашқы профессоры, түркі танушы, ғалым Құдайберген Жұбановтың өмірі жолы, білім нәрімен сусындатқан ұстаздары Абдолла Беркінов, Құсайын Ашығалиевтер туралы айтылып, 1914 жылы «Құсайния» медресесінде, 1928-1932 жылдары Ленинград қаласында Шығыс тілдер институты мен аспиратурасында білім алғандығы, 18 ұлт тілін білген ғалымның қысқа да саналы өмірінің соңына дейін ағартушылық салада атқарған шығармашылығы, ғылыми еңбектері, қудалауға ұшыраған және ақталған кезеңдері фото құжатары арқылы түсіндіріледі.
«Ғасырлар пернесін шерткен» залы бойынша қазақ музыкасын зерттеуші Ахмет Жұбановтың өмір жолдарымен композиторлық, педагогтік белестері, қолтаңбасы қойылған ғылыми еңбектері, күйі мен әндері, операсы мен аспаптық шығармалары тайтылып, алғашқы Құрманғазы оркестрін басқарғанда киген дирижерлік фрагі, иығына жамылған шапаны, домбырасы, құжаттарын салған түпнұсқа былғары папкасы, ағайындары мен шәкірттеріне жазысқан хаттары туралы айтылады.
«Ұрпақ сабақтастығы» залында өнегелі тұлғалардың ғылыммен мәдениеттің биік белесін бағындырған ұрпақтары таныстырылады. Әке жолын жалғаушы композитор Ғазиза Жұбанованың, химия, биология, өнер саласының академиктері Болат, Қайыр, Ажар, Ақырып Жұбановтар, филолгия саласының профессоры Есет, Асқар, Жұбановтар, педогогика саласының кандидаты Мүслима Жұбановтардың және Қызғалдақ Құдайбергенқызының өмір жолдары мен тарихи жаңғырығы мол кезеңнің тіршілігіне арналған туындылары өз кезінде тұтынған жеке заттарынан шыр шертіледі.
«Тарих және табиғат» бұрышы Мұғалжар ауданы картасында орналасқан Ембі қаласы мен Жұбановтардың туған өлкесі Жаңатұрмыс ауылының табиғаты, жан-жануарлары, тау және оның сілемдерінінен өндірілген алтын рудасы, мыс, щебень, никель секілді әйнек құрамы ақ құммен жер асты байлықтар таныстырылады.